05 Мамыр, 2015

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы  №513

831 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
2014 жылғы 9 желтоқсан,  Астана қаласы Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 111-бабы 4-тармағына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (З.Ж. Оразалиева) заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр А. СӘРІНЖІПОВ. КЕЛІСІЛДІ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі 2015 жылғы «____» ____________ ___________________Қ.Н.ҚАСЫМОВ КЕЛІСІЛДІ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 2015 жылғы «____» ____________ __________________Т.Б.ДҮЙСЕНОВА КЕЛІСІЛДІ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі 2015 жылғы «____» ____________ __________________Е.Ә.ЫДЫРЫСОВ КЕЛІСІЛДІ Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2015 жылғы «____» ____________ __________________ Б.М.ИМАШЕВ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы №513 бұйрығымен бекітілген Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi аккредиттеу қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Бала асырап алу жөнiндегi агенттiкттердi аккредиттеу қағидалары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 111-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алу жөніндегі қызметті филиалдар және (немесе) өкілдіктер құру жолымен жүзеге асыратын агенттіктерді аккредиттеу тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) бала асырап алу жөнiндегi агенттiктер (бұдан әрі – агенттіктер) – өз мемлекетінің аумағында балаларды асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында осындай қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттелген коммерциялық емес шетелдік ұйымдар; 2) аккредиттеу – уәкілетті органының – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) агенттіктердің өз қызметін жүзеге асыру құқығын ресми тануы. 3. Аккредиттеу туралы өтініш берген сәтте өз мемлекетінің аумағында аталған салада өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асыратын агенттіктер аккредиттеуге жатады. 2. Агенттiктердi аккредиттеу тәртiбi 4. Агенттіктерді аккредиттеу, оның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені Комитет қарайды. 5. Кодекстің 112-бабына сәйкес агенттіктің сенім білдірген адамы балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру үшін Комитетке мынадай құжаттарды: 1) Осы Қағидалардың қосымшаларына сәйкес нысан бойынша өтінішті; 2) құрылтай құжаттарының нотариалды куәландырылған көшірмелерін; 3) оның тиісті салада қызметті жүзеге асыру өкілеттігін растайтын, агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органы берген құжаттың көшірмесін; 4) агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты берген немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қызметіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органының ұсыным хатын; 5) бала асырап алуға үміткерлерге агенттік ұсынатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін; 6) асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесіне бақылауды жүзеге асыру және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі міндеттемені; 7) бала асырап алушылардың өздері тұратын мемлекетке келген соң асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесін; 8. агенттіктің сенім білдірген адамға берген нотариатта куәландырылған сенімхатты қоса тіркей отырып, өтініш береді. Осы тармақтың 2), 3), 4), 5) тармақшаларында санамаланған құжаттар олар берілген күннен бастап алты ай бойы жарамды болады. 6. Барлық ұсынылған құжаттар «Консулдық заңдастыру Ережелерiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2000 жылғы 21 қарашадағы №264 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Реестрінде №1350 тіркелді) және «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 12 наурыздағы №253-IV Заңына сәйкес заңдастырылуы тиіс. Қазақстан Республикасынан тыс жерде берілген құжаттар тиісті шет мемлекеттің мемлекеттік тілінде ұсынылады, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылуға жатады. 7. Сенім білдірілген адамның аккредиттеу туралы өтінішін Комитет осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды. 8. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімді Комитет өз құзыреті шегінде аккредиттеу мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар беретін Ішкі істер, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Әділет министрліктерімен (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) келісім бойынша қабылдайды. Комитет екі жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті органнан құжаттар мен сұрау салу түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қорытынды ұсынатын мемлекеттiк органдарға келісу үшін жолдайды. 9. Агенттікті аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді Комитет ол қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде береді, бас тартылған жағдайда оны негіздейді. 10. Агенттікті аккредиттеу туралы шешім жоғалған кезде, өкіл тиісті өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Комитеттен оның телнұсқасын алады. Бұл ретте, агенттікті аккредиттеу туралы шешім түпнұсқасының күші жойылды деп танылады. 11. Агенттіктер бір жыл мерзімге аккредиттеледі. Агенттікті аккредиттеу туралы шешім иеліктен шығарылмайды және басқа адамдарға беруге жатпайды. 12. Кодекстің 112-бабына сәйкес агенттікті аккредиттеуден, оның қызмет мерзімін ұзартудан және (немесе) оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтатудан бас тарту негіздері: 1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болмауы; 2) өз қызметі туралы дәйексіз мәліметтер ұсынуы; 3. агенттіктің немесе оның филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметі туралы шет мемлекеттің құзыретті органдарынан, сондай-ақ осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан келіп түскен келеңсіз ақпараттың болуы; 4) агенттік орналасқан мемлекеттегі қолайсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық ахуал, әскери іс-қимылдардың жүзеге асырылуы; 5) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы; 6. агенттіктің асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылау және заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы; 7) агенттіктің асырап алынған баланың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы; 8) агенттіктің өз мемлекеті аумағында қызметінің тоқтатылуы болып табылады. 13. Өз қызметін аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді алған агенттік Комитетке алты ай өткен соң қайтадан жүгінеді. 3. Филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің қызметін ұзарту,тоқтата тұру және (немесе) мерзімінен бұрын тоқтату 14. Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту үшін ол аккредиттеу мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей Комитетке мерзімді ұзарту туралы өтініш береді. Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту туралы өтінішті Комитет өтінішті қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Агенттікті аккредиттеу мерзімін ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы дәлелді шешімді Комитет қабылдап, агенттіктің филиалына және (немесе) өкілдігіне шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді. 15. Егер олар агенттікті алғашқы аккредиттеуден кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген барлық талаптарды сақтаған болса, осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген мерзім өткен соң аккредиттеу мерзімі өздігінен ұзартылады. 16. Комитет: 1) Кодекстің және осы Қағидалардың нормалары сақталмаған; 2) Комитетке және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға филиалдың және (немесе) өкілдіктің қызметіне негізделіп шағымдар жасалған жағдайда, агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұрады. 17. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтар бір ай ішінде жойылған кезде Комитет оны қайтадан қолданысқа енгізеді. Егер агенттік қызметін тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтар (мән-жайлар) белгіленген мерзімде жойылмаса, Комитет агенттік қызметін тоқтату туралы шешім қабылдайды. 18. Филиалдың және (немесе) өкілдіктің қызметін мерзімінен бұрын тоқтату, оның қызметін ұзарту туралы шешімді Комитет негізделіп қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылдайды. 19. Филиалдың және (немесе) өкілдіктің қызметі мынадай жағдайларда: 1) балаларды асырап алу жөніндегі қызметін агенттіктің құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырмаса; 2) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соққан бұзушылықтарды бір ай ішінде жоймаса; 3) филиал және (немесе) өкілдік қызметін тоқтату туралы өтініш берсе; 4) агенттікті аккредиттеу туралы шешімнің қолданылу мерзімі өтсе және аккредиттеу мерзімін жаңа мерзімге ұзарту мүмкін болмаса тоқтатылады. 20. Агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметін тоқтату мәселелерін уәкілетті орган осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетiлген мән-жайлар анықталған (туындаған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. 21. Қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы дәлелді шешім қабылданғаннан кейін Комитет филиалды және (немесе) өкілдікті бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді. 22. Филиалдың және (немесе) өкілдіктің қызметін тоқтата тұру немесе мерзімінен бұрын тоқтату туралы дәлелді шешім оны бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылады. 23. Агенттік басшысының тегі, аты, әкесінің аты және (немесе) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда аккредиттелген агенттiктер аккредиттеу туралы шешімді қайта ресімдеу туралы Комитетке көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды және осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса отырып өтініш береді. 24. Комитет тиісті жазбаша өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде агенттiктерді аккредиттеу туралы шешімді қайта ресімдейді. Бұл ретте, агенттiктерді аккредиттеу туралы бұрын берілген шешімнің күші жойылды деп танылады және Комитетке қайтарылады. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу қағидаларына қосымша Үлгі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасына ________________________________________________ (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) Бала асырап алу жөніндегі агенттіктің сенім білдірген адамынан ______________________________________________________ (байланыс телефондарын көрсете отырып, қысқартусыз толық агенттіктің атауы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) Өтініш Сізден Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ____________________________________________ (агенттіктің атауын және мемлекеттің мекен-жайын көрсету) бала асырап алу агенттікті аккредиттеу мүмкіндігі үшін ұсынылған құжаттарды қарастыруды сұраймыз. «___» _______ 20__жыл ___________________________ сенім білдірген адамның қолы Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 3 наурыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10372 болып енгізілді.